Зауыт қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қашағандағы қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы нақты іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті.
Кеңес барысында жобаның ағымдағы жай-күйі, мүдделі тараптар арасындағы үйлестіру мәселелері, сондай-ақ нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды.
Министр газ өңдеу зауытын салу жобасының еліміздің газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін және Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов жобаға қатысушы барлық тараптарға жұмыстарды тиімді үйлестіруді және жобаны іске асыру мерзімдерін сақтау үшін сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ «QazaqGaz» ҰК» АҚ-на жобаны іске асыру барысы, қабылданып жатқан шаралар және туындаған мәселелер туралы ақпаратты жедел түрде шешуге ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне ай сайын ұсынып отыру тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Алматы прокуратурасы 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады