Қасқырға қой бақтырды: оңалту орталығында балаға қатыгездік көрсеткен күдікті қамауға алынды

04.03.2026 18:40

Әлеуметтік желіге мекемедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған таспа тараған

Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаға қатыгездік көрсетті деген күдікпен түзету орталығының қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Әлеуметтік желіге мекемедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған таспа тараған. Бейнежазбадан жаттықтырушының мүгедектігі бар жеткіншекке күш қолданып, тұншықтырып жатқаны байқалады. Бұл жайттан кейін ата-аналар шу көтеріп, орталыққа жан-жақты тексеріс жүргізуді талап еткен болатын. Аталған дерек бойынша Алмалы аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары қолға алынып, БАҚ өкілдері мәселені жан-жақты таратқан соң күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір бейнежазбалар мұқият зерделеніп, куәгерлерден жауап алынуда.

«Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мәнжайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, куәлар мен іске қатысы бар өзге де тұлғалардан жауап алынуда. Тергеу барысы Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: Биіктікті бағындырған бұрымдылар: Алматыда 100-ге жуық әскери әйел парашюттік даярлықтан өткен