Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтық құрылыс» алдағы үш жылда елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді

depositphotos
depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызына тоқталып, алдағы үш жылда Ұлттық қордан осы мақсатқа 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, келешек ұрпаққа тек жоспарлар мен қаржы ресурстарын емес, халықтың игілігіне қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды мұра етіп қалдыру маңызды.

Мемлекет басшысы құрылыс саласын дамытуды жасампаздық пен жаңашылдықтың көрінісі ретінде бағалады. Оның пікірінше, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жаңғыру жолындағы жалпыұлттық ұранына айналуы керек.

«Халықтық құрылыс» бастамасы ел тұрғындарын ортақ мақсат пен мүддеге біріктіріп, мемлекеттің өркендеуіне жол ашады. Бөлінетін қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайды. Президент комиссия мүшелерінің жұмысты жоғары кәсіби деңгейде атқаруы керектігін атап өтті.

«Заң мен Тәртіп» – қоғамның басты қағидаты

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, әділетті қоғам қалыптастыру үшін әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, айналасына жанашырлық танытуы қажет.

Президент қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзгелердің ар-намысына құрметпен қарау, қоршаған ортаға қамқорлық таныту және қоғамдық мүлікті бүлдірмеу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты. Заң талаптарын бұзғандарға тиісті шара қолданылуы керектігін ескертті.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» идеясын қолдап, табиғатты қорғау, адамның болмысы мен тіл тазалығына мән беру өркениетті қоғамның маңызды белгілері екенін жеткізді.

Сонымен қатар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайту мен оны кеңінен дәріптеу тарихи міндет екенін атап өтті.

«Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Өйткені заң үстемдігі – мемлекеттілікті нығайтып, Егемендікті қорғаудың басты шарттарының бірі», – деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері мен мемлекеттік тілді қолдайтын азаматтарды осы бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырды. Сондай-ақ қоғам басшысы Рауан Кенжеханұлына және ұйым мүшелеріне алғыс білдірді.