Шатырды қалпына келтіру жұмыстары басталады
Ақмола облысында қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нөсер жаңбыр мен бұршақ араласқан дауылдың салдарынан Бурабай ауданындағы Зеленый Бор ауылында ұзындығы шамамен 60 метр болатын шатыр қатты желге шыдамай, тұрғын үйдің жанына құлаған.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар жедел жетіп, аумақты шатырдың зақымданған бөліктерінен тазартқан.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан қауіп төндірген зақымданған шатыр құрылымын бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Пәтер иелері шатырды биылғы шілде айының соңына дейін қалпына келтіруді жоспарлап отыр», — деді Бурабай ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Ержан Қапенов.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдайға дайындық: Алматыда еріктілер форумы ұйымдастырылды