Қауіпсіз балалық шақ кепілі: Алматы облысында квест-фестиваль өтті

12.08.2026 18:13

Іс-шараға 10 мен 15 жас аралығындағы 100-ге жуық жасөспірім қатысты

Алматы облысындағы «Өрнек» лагерінде «Заң мен тәртіп: қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты квест-фестиваль өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

Іс-шараға 10 мен 15 жас аралығындағы 100-ге жуық жасөспірім қатысты. Бағдарлама шығармашылық өнермен өріліп, сахнада музыкалық ұжымдар өнер көрсетті. Тәртіп сақшылары мен ұйымдастырушылар балаларға жол жүру ережелерін түсіндіріп, танымдық ойындар ұйымдастырды.

«Бұл жерде ауызша түсіндіру мақсатта емес, әр стансыға бөлінген квест-фестиваль ретінде өткізіп жатырмыз. Бүгінгі шарада балалар өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережелерін сақтау, жаз мезгілінде су айдындарында заңды өкілсіз бармау және терезеден құлау деректерін алдын алу мақсатында түсіндіреміз», – деді ¤ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік Полиция комитетінің аға инспекторы Ботакөз Жәлекешова.

  Фестивальдің ең тартысты бөлігі – арнайы жасақ пен кинологиялық қызметтің көрсетілімдері. Үйретілген қызметтік иттердің тапқырлығы мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының шеберлігі жасөспірімдерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ жастар төтенше жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйреніп, интерактивті квест бойынша топқа бөлініп бақ сынасты. Іс-шара соңында флешмоб ұйымдастырылып, белсенді қатысқан командалар мен жеңімпаздар жүлделермен марапатталды.

«Кездесуіміздің басты мақсаты – заң мен тәртіптің жалпы қағидаларын түсіндіру, маңызын түсіндіру. Сонымен қатар заң мен тәртіптің аясында тек талап ғана емес, адамның өзінің және де өзге айналадағы азаматтардың қауіпсіздігіне жауапкершілігімен қарау болып табылады», – деді Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Диас Ысқақ.

Оқи отырыңыз: Алматыда көші-қон себептері және оның қала дамуына әсері талқыланды

Толық көрсету