Қауіпсіз курьер: Алматыда жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

10.03.2026 20:51

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, алғашқы күннің қорытындысы бойынша 158 құқық бұзушылық анықталған

Алматыда тіркелетін әр бесінші есірткі қылмысы курьерлердің қатысуымен болады. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Осыған байланысты мегаполисте «Қауіпсіз курьер» және «Келімсек» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Екі күнге жоспарланған тексеру жұмыстары қаланың 8 ауданында қатар жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, алғашқы күннің қорытындысы бойынша 158 құқық бұзушылық анықталған. Оның 73-і курьерлік қызметпен айналысатын азаматтарға қатысты тіркелген.

«Қала көлемінде өткен жедел-профилактикалық іс-шара барысында курьерлердің қатысуымен 73 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 45 жағдайда азаматтар көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Сондай-ақ 22 курьерде міндетті сақтандыру полисі болмады. Бұдан бөлек, мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ 48 жағдай анықталды. Осыған байланысты азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – деді ПД Профилактика және үйлестіру жұмысының өкілі Айдын Меркімбаев. ¤

Айта кетейік, былтыр жеткізу қызметінде еңбек ететін курьерлер мегаполисте 10 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзған. Сонымен қатар соңғы уақытта тапсырыс қабылдаушы азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіру, жеткізілген тауар үшін қосымша ақы талап ету сияқты жағдайлар жиілеген. Осыған байланысты алдағы уақытта курьерлерді биометриялық тексеруден өткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, жеткізу қызметіне шетел азаматтарын жұмысқа тартуға шектеу қою мүмкіндігі де талқылануда.

«Әрбір курьерге тұрғын үйге кіру мүмкіндігі берілген. Сол себепті тапсырыс жеткізушілерге биометриялық сәйкестендіруді енгізуді, аккаунттарды үшінші тұлғаларға бермеу керек екенін талап етеміз. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға тыйым салуды жоспарлап жатырмыз. Мәселен бүгінгі «Келімсек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзған 138 дерек анықтадық», – деді ПД Профилактика және үйлестіру жұмысының өкілі Айдын Меркімбаев.

Оқи отырыңыз: Жолда сақ жүріңіз: Алматыда жаңа жүйе іске қосылды