Елдімекендегі жүзден астам шаңырақ үшін өткел – қалаға шығатын негізгі қатынас жолы
Жаңа оқу жылы басталмай жатып, Алматы облысының оқушылары білім мекемесіне жетудің машақатын тартып отыр. Ата-аналарды Кемертоған ауылындағы мектепке апаратын жалғыз көпірдің жағдайы алаңдатады. Ол аздай, ауыл жұрты ойқы-шойқы жолға, жарықтың жоқтығына және қаптаған бұралқы иттерге қатысты шағымын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кемертоғандықтардың күнделікті жүріп өтетін жолы – осы. Елдімекендегі жүзден астам шаңырақ үшін өткел мектепке ғана емес, қалаға шығатын негізгі қатынас жолы. Сондықтан көпірдің жайы тұрғындарды бейжай қалдырмайды. Айтуларынша, өткелдің салынғанына бір жыл болғанымен, кей тұстары бүлініп, қауіпсіздігіне күмән келтіретін жағдайға жеткен. Әсіресе қараңғыда өту қауіпті. Бұған қоса, көшеде жарық жоқ екен. Ал қараусыз жүрген иттер жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Тұрғындар балаларға иттердің тап берген жағдай болғанын да айтады.
«Балалар неше рет құлады. Балалар тасымалдайтын көлік жоқ, жол нашар, жарық жоқ. Иттер қаптап кеткен. Балаларды қалай мектепке апарып келеміз, білмеймән?» – деді ауыл тұрғыны Айжамал Ырысқаева.
Көпір бір мәселе болса, оған апаратын жолдың жыры мүлде бөлек әңгіме. Қазірдің өзінде мұндағы шұңқырлардан көлік мүлде қатынай алмайды, жаяу адамның өзі әр қадамын аңдап басады.Жауын жауып, қар түскенде аумақтың қандай күйге түсетіні айтпаса да түсінікті. Мұндағы балаларға мектепке тиесілі мектеп автобусы да қарастырылмаған.
«Ит көп. Мектептен қайтқан кезінде иттерге таланып қала ма деп қорқамыз. Жарық жоқ, көшені ең болмаса тегістеп берсе, қиыршық тас төсеп», – деді ауыл тұрғыны Бағлан Мырзабаев.
Жергілікті жұрттың айтуынша, мәселені шешуге қатысты әкімдік те уәде берген. Ақжағалылар көпірді жаңа оқу жылына дейін ретке келтіретін болған. Мәселені сұрап келген жұртқа әкім орынбасары уәденің орындалмауын оқу жылына дайындық кезіндегі қауырт жұмыстармен түсіндірді. Бұл жауап тұрғындардың көңілінен шықпай, елдімекен басшысы қарашамен сөз таластыра бастады.
«Көпірдің бұзылған ештеңесі жоқ. Ол жерде шынымен де жаяу жүргіншілер жолағының қоршауы көтеріліп қалған, оны жуырда қалпына келтіреміз. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты шаруалар көп болып, тасты төсеп үлгермедік. Дегенмен тас ертең әкеледі, оны өздері де төсеп ала алады, ар жақ бетте тас дайын тұр», – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Аркен Ұланұлы.
Енді әкімдік көпірдегі ақауларды ретке келтіріп, жақын арада қосымша жарықты 3 күнде орнатуға уәде берді. Ал көлік жүретін жол салу үшін қосымша рұқсат қажет екен. Бұл мәселе бойынша тиісті орындарға сұрау салынбақ.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан, Алматы облысы