Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек екеніне тоқталды
Елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі. Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді.
Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түскеніне тоқталды.
«Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек.
Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, сөз сөйледі