Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жөнелтті

13.11.2025 21:04

Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілді

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мемлекеттік материалдық резервтен қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, төсек-жабдықтар, шатырлар және өзге де бірінші кезектегі қажетті заттар бөлінді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлер тобын жасақтап жөнелтті.

Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілді. Жүк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, гуманитарлық көмек бүгін ауған тарапына табысталады.

«ТЖМ әскери бөлімінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері тиеу және түсіру жұмыстарын жүргізіп, жүктің жедел дайындалуы мен жөнелтілуін қамтамасыз етті. Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді», - делңінген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Қазақстан Республикасы гуманизм мен өзара көмек қағидаттарын басшылыққа ала отырып, достас Ауғанстанға қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісінің бұрын жарияланбаған сирек бейнематериалы табылды