Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жетекші логистика торабына айналуды көздейді - Президент

Ақорда
Ақорда

Ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндеттің бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Біз Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыруды көздейміз. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанның құрлықаралық тасымал тізбегіндегі ықпалы зор екенін көрсетеді. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды. Осы позицияны одан әрі орнықтыра түсу үшін көлік инфрақұрылымына, мыңдаған шақырым жаңа теміржол салуға, сондай-ақ Орта дәліз ретінде кеңінен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын ары қарай дамытуға қомақты инвестиция құйып жатырмыз. Соңғы он бес жылда Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Біз заманауи логистика сапалы инфрақұрылымды ғана емес, озық цифрлық шешімдерді де талап ететінін жақсы түсінеміз. Сол себепті бүкіл экожүйені цифрландыру шараларын қолға алдық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өткен жылдың соңынан бастап кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтер ұсыну үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатқанын айтты.

– Платформа негізгі рәсімдердің бәрін бірыңғай цифрлық ортаға жинақтап, әкімшілік кедергілер мен транзит уақытын айтарлықтай қысқартады. Алғашқы кезеңнің өзінде Қытай – Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылды, ал мемлекеттік шекарадан өту үдерістері электронды форматқа ауыстырылды. Бұл халықаралық жүк тасымалын жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде Еуразия кеңістігінде жұмыс істейтін халықаралық бизнес өкілдері үшін Қазақстан аумағымен жүк тасымалдау анағұрлым тиімді, үнемді әрі сенімді бола түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндеттің бірі. Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи автоматтандыру технологиялары жаңа аграрлық революцияның өзегіне айналып келеді.

– Мұның бәрі егістік өнімін айтарлықтай арттырып, суды үнемдеп пайдалануға және қоршаған ортаға келетін зиянды елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді. Бұл үдерістердің маңызды екенін жақсы түсінеміз. Дәлме-дәл жоспарлау және болжамды сараптама үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміз екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осы нәтижені сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыруға кірістік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, жерсерік навигацияларын және автоматтандырылған метеорологиялық станцияларды жедел іске қоса бастадық. Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия беру ісі цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл әкімшілік рәсімдерді едәуір қысқартады. Мал шаруашылығында да интеграцияланған цифрлық платформа іске қосылды. Соның арқасында қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартуға және деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бүгінде 200-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны «ақылды ферма» форматында жұмыс істей бастады. Яғни шаруашылықтар озық цифрлық технологияларды пайдалану мен деректерді талдау негізінде басқарылады. Бұдан бөлек, өндірушіден тұтынушыға дейінгі жеткізу тізбегінің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, өнім қозғалысын бақылайтын цифрлық жүйе енгізіліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстанның түпкі мақсаты – тек ауыл шаруашылығын дамытып қоймай, елімізді агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналдыру.

– Біз шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтыламыз. Ол үшін, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін дамытуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық беру өзекті. Аталған салада өндірістік циклдің барлық кезеңіне инвестиция салуға мол мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, роботтандыру технологияларын және Индустрия 4.0 шешімдерін тамақ өнеркәсібіне белсенді түрде енгізе бастадық. ЖИ негізінде сапаны бақылау жүйесі, құрал-жабдыққа болжамды қызмет көрсету технологиясы, автоматтандырылған өндірістік желі және жеткізу тізбегін интеллектуалды басқару өнеркәсіп тиімділігін айтарлықтай арттырады, жоғары өнім сапасы мен қатаң сақталатын халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар интеллектуалды логистика жүйелеріне, автоматтандырылған қойма кешендеріне, мұздатқыш инфрақұрылымына және заманауи қаптама технологияларына инвестиция салу агроөнеркәсіп саласындағы бір-біріне толықтай кіріктірілген, яғни өндірістік-нарықтық цифрлық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық инвесторларды, жетекші азық-түлік өндірушілерді, технологиялық компанияларды және ЖИ шешімдерін әзірлеушілерді осы ауқымды трансформацияға атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда Smart Cargo цифрлық платформасы енгізілді – Тоқаев