Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мәртебесін алды

18.10.2026 16:31

Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов сөз сөйледі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен хабарлағандай, Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы өтті. Жиынға 20-дан астам мемлекеттің мәдениет саласына жауапты ведомство басшылары, Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығының және Қақтығыс аймақтарындағы мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянстың өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов сөз сөйледі.

Вице-министр Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ортақ жұмысы туралы айтып, Альянспен ынтымақтастықты үш бағытта дамытуды ұсынды. Олар: мамандар даярлау және тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен ескерткіштерді қашықтан бақылау, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы нысандарда бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанға Альянстың бақылаушы мемлекеті мәртебесі берілді. Вице-министр қолдау білдірген Кеңес мүшелеріне алғыс айтып, бұл мәртебе Азия елдерімен ортақ мәдени мұраны сақтау бағытындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сапар барысында Айбек Сыдықов Альянстың атқарушы бас хатшысы Се Бинмен де кездесті.

Тараптар алдағы жұмыстың бағыттарын талқылады. Се Бин Қазақстанның Альянсқа қосылу туралы шешімін жоғары бағалады. Сондай-ақ ынтымақтастық одан әрі нығая түсіп, алдағы уақытта Қазақстанның ұйымға толыққанды мүше болатынына сенім білдірді. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы айрықша мәдени байланыс серіктестікті дамытуға негіз болатынын атап өтті.

Қазақстан делегациясы IV Лянчжу форумының ашылуына да қатысты. Форумға ЮНЕСКО, ИККРОМ, ALIPH және Иберо-Америка мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының өкілдері жиналды.

Оқи отырыңыз: eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылды

Толық көрсету