Қазақстан ДСҰ-ның көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылтай «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv

Қазақстан 2015 жылы тиісті хаттаманы ратификациялау арқылы ДСҰ-ға қосылды. Хаттамаға Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын 18 қосымша енгізілген. Солардың бірі – Көрсетілетін қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесі. Осы Тізбеге енгізілетін өзгерістерді ратификациялау арқылы Қазақстан ДСҰ-ның көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.

Аталған қағидалар көрсетілетін қызметтер саласындағы қызметті жүргізу шарттарының ашықтығын арттыру арқылы болжамды іскерлік ахуалды қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжат лицензиялау талаптары мен рәсімдерін, білікті талаптарды, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер саласындағы стандарттарды қамтиды. Осы қағидаларға қосылу арқылы Қазақстан отандық көрсетілетін қызметтер нарығының қызметтерді лицензиялау және реттеу бөлігінде әлемдік талаптарға сәйкес келетінін көрсетеді.

Осылайша, Қазақстанның көрсетілетін қызметтер нарығының шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы артады.

Сонымен қатар қағидаларды қабылдау көрсетілетін қызметтер саудасын әділ және ашық реттеуді қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға, реттеуші талаптардың ашықтығын арттыруға және шетелдік әрі отандық көрсетілетін қызметті берушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді деп күтілуде.

Айта кетейік, қағидалар ДСҰ-ның 60 мүшесінен тұратын топтың қатысуымен әзірленді және Қазақстан әзірлеу процесіне белсенді қатысты. Көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі келіссөздерді аяқтау туралы декларация 2021 жылғы 2 желтоқсанда Женевада қабылданды.

Бүгінде Қағидаларға 72 қатысушы ел қосылды.

Оқи отырыңыз: Инвестициялық штаб $150 млрд-тық 300-ден аса жобаның мәселесін шешті