Қазақстан Еуропаға жасыл энергия экспорттайды

09.04.2026 21:21

Сенат тиісті келісімді ратификациялады

Қазақстан Еуропаға жасыл энергия экспорттайды. Сенат тиісті келісімді ратификациялады. Құжатта біздің елдің Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, жасыл энергия дәлізін құратыны жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни, үш мемлекет Каспий теңізінің түбінен кабель жүргізіп, сол арқылы экологиялық таза электр қуатын кәрі құрлыққа сатады. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Энергетика вице-министрінен Еуропа нарығына шығатын электр энергиясын қай тарап өндіретінін сұрады. Өйткені, Қазақстанда қуат тапшылығы бары жасырын емес. Өзбекстанда да осы мәселе. Санжар Жаркешовтің айтуынша, министрлік жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жобаларды жүзеге асырмақшы. Оның 6 гигаваты жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі екен. Нәтижесінде 2032 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы болмай, керісінше профицит қалыптаспақ.

«Екіншіден, бұл үш мемлекет қой. Өзбекстаннан келетін де жаңартылған энергия көздерінен жасалатын жобалардан электр энергетика бірінші Қазақстанға тасымалданады. Содан әрі қарай Қазақстаннан осы Транскаспий арқылы Әзербайжанға, Еуропаға жеткізілетін болады. Сондықтан біздің болжамымыз бойынша келесі бесжылдық, жеті жылдыққа қарасақ, Өзбекстан мен Қазақстанның энергия балансына қарасақ, бізде жаңартылған энергия көздерінің электр энергетикасы көп болады», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов.

Санжар Жаркешов бұл жобаның құны әлі белгісіз дейді. Өйткені, оның техникалық мүмкіндігі мен экономикалық тиімділігін есептеу жұмыстары енді ғана басталған. Оны итальяндық компания тегін жүзеге асырады. Себебі халықаралық қаржы институттары бұл жобаға шамамен 1 миллион доллар көлеміндегі грант бөлген. Сол себепті Қазақстан да, Өзбекстан мен Әзербайжан да әзірге инвестиция салмай отыр.

«Қаржылық модельге байланысты бұл жобаның экономикалық тиімділігі офтейк контракт тарифтерге байланысты болады. Бұл инвестициялық жоба болғандықтан офтейк контракт болса, бұған тек инвестиция емес, әртүрлі қаржылық институттардан қаржы тарту қиын болмайды деп ойлаймыз. Бұл -өте тиімді, актуалды жасыл энергетика жобасы», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов.

Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект киберқауіпсіздікті сақтай ала ма