Қазақстан халқының 90 пайыздан астамында несие бар

10.06.2026 16:06

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі жылдары халыққа берілетін несиелер 30 пайыздан асып кеткенін жасырмады

Қазақстан халқының 90 пайыздан астамында несие бар. Жұрттың банкке берешегі 24,8 триллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева азаматтардың қарызға белшеден батып бара жатқанын айтып, дабыл қақты.  Сөзінше, тұтынушылық несиелер көлемі 21 пайыз, ал автокредиттер 22 процентке өскен. Халық қалаулысы «экономика өсіп жатқан кезде неге несиеге тәуелді азаматтардың саны көбейіп жатыр?» деген сұрақ алаңдататынын айтып, жауаптылардың бұл жағдайды қалай бағалап отырғанын сұрады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі жылдары халыққа берілетін несиелер 30 пайыздан асып кеткенін жасырмады. Айтуынша, сұраныс күшейгендіктен инфляцияға қосымша қысым түскен. Сондықтан қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді азайту үшін бірқатар пруденциялық шара қабылданғанын жеткізді.

«Олардың қатарына капиталдың салалық контрциклдік буфері деген нормативті енгіздік. Бұдан бөлек, халыққа берілетін несиелердің ең жоғары мерзімі мен мөлшерлемесін бекітіп, төмендеттік. Сондай-ақ тек пруденциялық шаралармен шектелмей, бірнеше фискалдық тетіктерді Парламентке ұсынып, заң жүзінде бекіттік», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Оқи отырыңыз: Заңсыз алкоголь және тұрмыстық зорлық-зомбылық: қоғам қауіпсіздігіне кім кепіл