Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресті күшейтеді

30.09.2026 19:30

Қылмысқа қатысушылар, серверлер мен электрондық деректер әр елде орналасуы мүмкін

Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді. Бүгінгі Құрылтай отырысында Компьютерлік қылмыстар туралы конвенция ратификацияланды. Құжат компьютерлік жүйелердің, желілер мен деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға, сондай-ақ оларды заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстарға қарсы күресті көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылтай депутаттарының пікірінше, киберқылмыс көбіне бірнеше мемлекетті қамтиды. Қылмысқа қатысушылар, серверлер мен электрондық деректер әр елде орналасуы мүмкін. Сондықтан мұндай істерді тергеуде халықаралық ынтымақтастық пен цифрлық дәлелдемелерді жедел сақтау маңызды.

– Конвенция халықаралық құқықтық көмек көрсету тетіктерін, оның ішінде экстрадициялау, ақпарат алмасу және бірлескен тергеу әрекеттерін қамтиды. Заң жобасы кейбір қылмыстарға қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру, шет мемлекеттермен электрондық дәлелдемелер және ақпаратпен жедел алмасуды қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық заңнама мен құқық қорғау қызметінің тәжірибесін халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді, – деді ҚР Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ.

Осы ретте депутаттар шетелдік құқық қорғау органдарының Қазақстан азаматтарына қатысты деректерді тікелей алу мүмкіндігі мен жеке деректерді қорғау кепілдіктері туралы сұрады. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов дербес деректер мен хат алмасу құпиясы Қазақстан заңнамасымен қатаң қорғалатынын атап өтті.

– Қазақстан азаматтарының деректерін тікелей, бақылаусыз алуға жол берілмейді. Бұл – ең бастысы. Конвенцияның 32-бабында келісіммен берілетін мәліметтер тек ұлттық байланыс орталығы арқылы берілетіні көрсетілген. Ал шетелдік органдар біздің базаларға ешқандай тікелей қосылмайды, – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, конвенция ратификацияланғаннан кейін құқықтық көмек туралы сұраулар саны артуы мүмкін. Қазірдің өзінде жыл сайын шетелден 600-ге жуық құқықтық көмек туралы сұрау түседі. Ал Қазақстан 700-ге жуық сұрау жолдайды. Дегенмен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы арқылы сұрауларды орындауда қиындық туындамайды деп отыр.

– Конвенция Конституцияда көрсетілген құқықтарды шектемейді. Мәселен, біздің Конституцияға сәйкес, біз өз азаматтарымызды шет мемлекеттерге бермейміз. Осы конвенцияда мұндай жағдайлар да қарастырылған. Егер біз азаматты бермейтін болсақ, сол қылмыстық істі шет мемлекеттен алып, өзіміз тергеп, өзіміз шешім қабылдай аламыз, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Айта кетейік, Қазақстан конвенцияға қосылуға 2023 жылғы 19 сәуірде Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінен ресми шақырту алған. 2001 жылғы 23 қарашада Будапештте қабылданған құжат ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған алғашқы халықаралық шарт саналады. Қазір оған АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа елдерін қоса алғанда, 80-нен астам мемлекет қатысады.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Almaty TV.

Толық көрсету