Жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау 480 колледжде жүргізіледі
Президент тапсырмалары шеңберінде Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі білім берудің цифрлық инфрақұрылымын дамытуда, жасанды интеллектіні енгізуде және экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, кадр даярлауды жетілдіруде. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қолданыстағы оқытуды басқару жүйелеріне интеграциялау жоспарланып отырған Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) білім берудің бірыңғай цифрлық архитектурасының негізгі элементі болады. Бұл цифрлық ресурстарды біріктіруге және мұғалімдерге әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ орта білімге жасанды интеллектіні енгізу үшін, оның ішінде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту үшін Ұлттық білім берудің ЖИ-платформасы құрылуда.
Бұдан басқа, педагогтер үшін міндетті құжаттама тізбесін 25-тен 5-ке дейін қысқарту жоспарлануда.
Сонымен қатар еңбек нарығы мен ауқымды инвестициялық жобалардың қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Қазақстанда 763 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істеп тұр, онда 577 мыңға жуық адам оқуда. 2030 жылға қарай олардың контингентін 681 мың студентке дейін ұлғайту жоспарлануда.
Жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау 480 колледжде жүргізіледі, онда 131 мыңнан астам студент оқиды. Жыл сайын 51 мыңнан астам маман шығарылады. Құрылыс саласында 13 мыңға жуық студент оқиды.
Келер жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауға байланысты сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту және колледждердің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын күшейту жоспарлануда.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның 20 өңірінде жаңа форматтағы мектептер салынады