Қазақстан көрсетілетін қызметтер саласында ДСҰ-ның халықаралық стандарттарын енгізеді

04.11.2026 17:16

Қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар неғұрлым ашық, объективті және болжамды болады

Аlmaty.tv

Құрылтай «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжатты ратификациялау арқылы Қазақстан ДСҰ-ның көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қызмет көрсету саласын реттеудің жалпы қағидаттары қамтылған құжат қызмет көрсету үшін қажетті рұқсаттар мен лицензиялар алу рәсімдерін оңайлатуға бағытталған. Атап айтқанда, өтініш беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін оңайлату, сондай-ақ өтініштер мен рұқсат беру құжаттарын электрондық түрде беру мүмкіндігі қарастырылған. 

ДСҰ Қағидаларына қосылу бәсекелестікті дамытуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуге тиіс.

Сонымен қатар қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар неғұрлым ашық, объективті және болжамды болады. Бұл еліміздің көрсетілетін қызмет ұсынушылары үшін сыртқы нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Бұл ретте, Қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейді. Қазақстанның лицензиялау, біліктілік талаптары және басқа да қажетті реттеу шараларын белгілеу өкілеттігі сақталады. Мұндай шаралар денсаулықты, қауіпсіздікті және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында нақтылануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтеді

Толық көрсету