Қазақстан мен АҚШ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға келісті

13.11.2026 14:57

Елімізде ірі қара мал эмбриондарын зерттейтін зертхана ашылады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, асыл тұқымды мал жеткізу, генетикалық технологияларды енгізу және заманауи өндірістік тәжірибе алмасу жөнінде келіссөз жүргізді. Сондай-ақ Қазақстанда ірі қара мал эмбриондарын зерттейтін арнайы зертхана құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл мәселелер ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің АҚШ-тың Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапары кезінде талқыланды. Ол америкалық ауыл шаруашылығы департаменттерінің басшыларымен және агробизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері сөз болды. Елімізде жайылымдық жер көлемі 180 млн гектарға жетеді. Бұл сиыр және қой етін, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Құжатта малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету, саланы қаржыландыру және заманауи технологияларды енгізу көзделген.

Қазақстанда мал эмбриондарын зерттейтін зертхана ашылады

Сапар қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық компания ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім аясында Қазақстанда ірі қара мал эмбриондарын алу, сапасын бағалау, сақтау және трансплантациялаумен айналысатын мамандандырылған зертхана құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар отандық мамандардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік сарапшылар тартылады.

Мал аукциондарын өткізу тәжірибесі енгізілуі мүмкін

Кездесуде мал саудасы мен сүт өндірісін дамыту мәселелері де қаралды. Тараптар америкалық үлгідегі ашық баға белгілеу жүйесі бойынша мал аукциондарын өткізуге қазақстандық мамандарды оқытуға келісті.

Министрлік мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қызыл ет өндірудің толық өндірістік цикліне негізделген алты жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ елдің оңтүстігінде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы басталған.

Сүтті мал шаруашылығы бойынша да бірлескен жобалар қарастырылды. Соңғы жылдары Қазақстанда 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Ал цифрлық технологиялармен жабдықталған тағы 50 ферманың құрылысын жеңілдетілген несие арқылы қолдау жоспарланып отыр.

«Қазақстанның әлеуетін америкалық әріптестердің технологияларымен және тәжірибесімен ұштастыру өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Аманғали Бердалин.

Келіссөздер барысында америкалық компанияларға сүт өндірісіне қажетті жабдықтарды жеткізу және олардың өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдар, бизнес және ғылыми ұйымдар қатысатын тұрақты жұмыс алаңы құрылмақ.

Оқи отырыңыз: Алматының үш туристік нысаны әлемдік үздіктер қатарына енді

Толық көрсету