Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері: Алматыда халықаралық тағылымдама өз мәресіне жетті

Алматы мен Таллиннің білім беру ұйымдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Инновациялық оқыту моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» атты ауқымды халықаралық тағылымдама өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі ел ұстаздары мен білім беру ұйымдарының басшылары бас қосқан жиын екіжақты байланысты нығайтып, озық тәжірибе алмасуға бағытталды. Таллиннен келген делегация шаһардағы бірнеше білім беру ордасын аралап, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тәжірибе алмасты.

«Бұл сапарды жарты жыл жоспарладық. Алматы қаласындағы әріптестерімізге инклюзивті білім беру моделімізді, сондай-ақ тіл мен пәнді кіріктіре оқыту тәжірибесін таныстырғымыз келді. Сонымен қатар жергілікті әріптестерден үйренеріміз өте көп. Мұнда көптеген инновациялық әдістермен таныстық», – деді Таллин қаласы әкімінің білім беру жөніндегі орынбасары Андрей Канте  (Эстония).

«Алматы қаласының мектеп директорлары былтыр Эстонияға барып, тәжірибе алмасып келген. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр, Алматыда әрбір мектеп басшысы Эстонияда алған тәжірибесін басқа да мектеп директорларына семинарларда үйретуду», – деді № 97 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Тәжібаева.

Айта кетейік, өзге мемлекеттен келгендер №178 мамандандырылған лицейге де ат басын бұрды. Кездесу барысында білім ошағының заманауи инфрақұрылымымен танысып, STEM бағытындағы зертханалар мен робототехника жетістіктерін тамашалады. Үш күнге созылған тағылымдама соңында Алматы мен Таллиннің білім беру ұйымдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Еуропаның үздік тәжірибелерін енгізуге жол ашады.

«Сол елден көрген дүниенің барлығын лицейде білім сапасын, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолданып келеміз. Болашақта мамандық таңдауға үлес қосатын әдіс-тәсілдерді көріп, көптеген жобаны енгіздік», – деді № 178 мамандандырылған лицей директоры Қайратбек Шәдиев.

Оқи отырыңыз: Еліміздің барлық мектебінде «Ұлттық ойындар керуені» атты акция өтеді

Новости партнеров