Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы кездескенін атап өтті
Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол осы жүздесу екі елдің арасында 1993 жылы қаланған қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болғанын жеткізді.
– Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын, – деді Кения президенті.
Тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық бағытта жоғары оқу орындарының арасында тығыз байланысты жолға қоюға, туризм бастамаларын өзара қолдауға және биоалуантүрлілікті сақтау ісінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді