Қандай жағдайда сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін екені айтылды
Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Құжатқа 2024 жылғы 23 қазанда Астана қаласында қол қойылған. Шарт бас бостандығынан айыру жазасына кесілген адамдарды өздері азаматтары саналатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру тәртібі мен шарттарын айқындау мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, бір Тараптың аумағында сотталған адам тағайындалған жазаны одан әрі өтеу үшін екінші Тараптың аумағына берілуі мүмкін.
"Ұстап беру қабылдаушы тараптың азаматтығының болуы, үкімнің заңды күшіне енуі, жазаның қалған мерзімі кемінде алты ай болуы, сотталған адамның жазбаша өтінішінің болуы, әрекеттің екі жақты қылмыс болып танылуы, екі тараптың келісімі және мүліктік міндеттемелердің орындалуы жағдайында жүзеге асырылады", - делінген Мәжіліс хабарламасында.
Егер беруші тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне зиян келтіруі мүмкін болса немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе, сондай-ақ жазалау түрлерінде елеулі айырмашылықтар болған жағдайда немесе беруші тараптың мемлекетінде қылмыстық қудалау басталған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
Келісімшарттың іске асырылуын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Перу Республикасының Бас прокурорының кеңсесі қамтамасыз етеді.
Оқи отырыңыз: Елімізде он күннің ішінде есірткі сатуға қатысты 50-ге жуық дерек анықталды - ІІМ