2026 жылдың алғашқы үш айында Ресейден Қазақстанға электр энергиясын жеткізу 33 пайыз артқан
Биыл бірінші тоқсанда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 6,5 миллиард долларға жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 16,1 пайызға көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Аталған мемлекет – еліміздің сыртқа саудадағы негізгі әрі стратегиялық әріптесі. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстаннан Ресейге экспорт 12 процентке төмендеп, 1,5 миллиард доллар болған. Қазақ даласынан негізінен металл өнімдері жөнелтіледі. Одан бөлек, азық-түлік, косметика және техника да саудаланады.
«Ресейге не экспорттаймыз дейтін сұраққа келетін болсақ, біріншіден, металл өнімдері. Оның ішінде болаттан жасалған прокаттарды атап өтсек болады. Одан бөлек, ферроқорытпа, мырыш сияқты тауаралар бар», – деді «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ аға менеджері Саят Сұңғатұлы.
Ал Ресейден Қазақстанға әкелінетін тауарлардың көлемі 28,5 пайыз өсіп, 5 миллиард долларды құраған. Көрші елден негізінен түрлі санаттағы өнімдер жеткізеледі. Олар табиғи газ, мұнай өнімдері, электр энергиясы, уран мен алтын сияқты шикізаттық және энергетикалық ресурастар. Сондай-ақ өнеркәсіптік өнімдер мен жартылай фабрикаттар, тұтыну және азық-түлік тауарлары да бар. 2026 жылдың алғашқы үш айында Ресейден Қазақстанға электр энергиясын жеткізу 33 пайыз артқан.
«Солтүстік өңірлердегі энергия тапшылығына қарамастан, Қазақстанда электр энергиясын тұтыну өсіп келеді. Бұл еліміздің өнеркәсіптік базасының кеңейіп жатқанын көрсетеді. Қытаймен бірлесіп зауыттар салынып, ірі кәсіпорындар ашылуда. Қазіргі уақытта Ресей электр энергиясы тапшылығын толықтырудың негізгі көздерінің бірі болып отыр», – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.
Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар: Алматы бизнесіне қандай мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді