Қазақстан мен Швейцария әуе қатынасын ашу мүмкіндіктерін кеңейтуде
Құжат тағайындалған әуе компанияларға аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығын береді
Астана қаласында Қазақстан Республикасының және Швейцария Конфедерациясының авиациялық биліктері арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандық делегацияны ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарды. Швейцариялық делегацияға Швейцарияның Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FOCA) келіссөздер бағытының басшысы Лоран Ноэль жетекшілік етті. Кездесу барысында тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын және жаңа бағыттарды ашуға қатысты практикалық мәселелерді талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің авиациялық биліктері Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тағайындалған әуе компанияларға аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығын береді. Сонымен қатар жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз орындаудың құқықтық негізі қалыптастырылды.
Тараптар сондай-ақ кейіннен қол қою мақсатында Әуе қатынасы туралы келісім жобасының мәтінін келісіп, парафирледі. Аталған келісім Қазақстан мен Швейцария арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту үшін жаңартылған құқықтық негіз қалыптастырады.
Швейцария тарапы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамытудың перспективаларын атап өтіп, қазіргі уақытта Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Қазақстан мен Швейцария арасындағы тікелей әуе қатынасының дамуы екі ел арасындағы туризм, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өзара жолаушылар және іскерлік ағындарды арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша кеңес өткізді