Қазақстан несімен тартымды: елге тұрақты тұруға келушілер саны артты

17.09.2026 15:34

Өткен жылы елге 16 миллионға жуық турист келген

Қазақстанға шетел азаматтарының қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Елге келушілердің арасында білім іздеген студенттер, жұмыс істеуге келген мамандар, жаңа мүмкіндік іздеген кәсіпкерлер және қазақ жеріне тұрақты немесе уақытша қоныс аударған шетелдіктер де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы жылдары Қазақстан шетел азаматтары үшін қоныс аударуға тартымды елдердің біріне айналып келеді. Бұл үрдіс елге тұрақты тұру мақсатында көшіп келушілер санының өсуінен де байқалады. Мәселен 2022 жылы елімізге 17 мыңнан астам шетел азаматы тұрақты тұруға келген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 25 мыңға жуықтаса, 2024 жылы ең жоғары деңгейге жетіп, 29 мыңнан асқан. Ал 2025 жылы елге тұрақты тұрсам деушілер саны 24 мыңға жуықтаған.

«2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанға тұрақты тұруға 8 414 адам келді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайыз кем.Елге Астана қаласына 1 877, Алматы облысына 1 415, Маңғыстау облысына  1 131 және Алматы қаласына 918 адам келді», – деді Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы Дархан Атақұлов.

 Айта кетейік, Қазақстанның негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдеріне тиесілі. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елге келгендердің 69,5 пайызы, ал кеткендердің 63,6 пайызы осы бағытта болған. Сонымен қатар елге білім алу мақсатында келетін шетелдіктер де бар.

«Қазақстанды таңдаған себебім, ел өте жылдам дамып келе жатыр, мүмкіндігі көп. Тағылымдамадан өтіп, жаңа тәжірибе жинауға болады. Сән саласы бойынша білім алуға келдім. Себебі Қазақстанда ұлттық символикаға, жергілікті ерекшелікке, ұлттық киім мен ұлттық стильге көп көңіл бөлінеді. Бұл сала да қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан Қазақстан мен үшін қызықты ел болды», – деді шетелдік студент Полина Кожевникова.

Бұдан бөлек шетелдіктерді Қазақстанның бірегей табиғаты, тарихи-мәдени мұрасы да қызықтырады. Өткен жылы елге 16 миллионға жуық турист келген. Ал биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіш 7 миллионды көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Алатау баурайындағы аңыз: Алматының мыңжылдық тарихы мен бүгінгі келбеті қалай ұштасып жатыр

Толық көрсету