Қазақстан өңірлерінде жаңажылдық шыршаның бағасы қанша

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Табиғи және жасанды шыршалар бағасы әртүрлі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі дүкендер мен маркетплейстен жасанды шыршаны оңай табуға болады. Ал табиғи шыршаны кезіктіру қиын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.   

Табиғи шырша

Жаңа жыл мерекесіне орай арнайы кесіп, базарға әкеліп сататын шыршаны кез келген қаладан кезіктіре алмаймыз. Өңірлерге шырша Ресейден әкелінеді.

"Тірі" шырша табыла қалған күннің өзінде бағасы биіктігіне, ағаштың қалыңдығы мен түріне қарай әртүрлі болады. Қарағай бағасы арзан, ал майқарағай бағасы оған қарағанда қымбат. Рейтинг кезінде көп жерде кезігетін қарағай бағасын салыстырдық.

Еліміз бойынша Көкшетау қаласында баға төмен. Жаңа жылда үйіңіздің төріне құны 2 500 теңге тұратын қарағайды сатып алсаңыз болады. Сонымен бірге Қостанай қаласында жасыл желек бағасы 3 000 теңге болып тұр.

Жезқазған, Қарағанды, Орал қалаларында қарағай бағасы 4 000 теңгеден басталады. Кей жерлерде оның бағасы 10 000 теңге болса, тағы бір базардан 15 000 теңгеге сатып аласыз.

Павлодар, Атырау қалаларында "тірі" шырша бағасы 5 000 теңгеден басталады. Ал Қазақстанның астанасында, сонымен бірге Алматыда баға 6 000 теңге және одан жоғары. Бұл қалаларда тегін жеткізу қызметі бар және кейбірі үйіңізге келіп, шыршаны қондырып береді.

Семей мен Павлодарда баға 7 000 теңгеден басталады. Бірақ төгіліп тұрған қарағай бағасы 15 000 теңгеге дейін жетеді.

Түркістан мен Ақтөбе қаласында табиғи шырша бағасы - 10 000 теңге. Бұл қалаларда өзге өңірлерге қарағанда баға жоғары болып тұр. Бірақ Шымкент қаласында шырша құны одан да қымбат. Ең арзаны мұнда – 20 000 теңге.

Ал Тараз, Қызылорда, Талдықорған, Ақтау мен Өскемен қалаларынан "тірі" шырша табу мүмкін болмады.

Жасанды шырша

Елімізде жасанды шаршаның түрі өте көп. Адамдар 50 000 теңгеге, тіпті 300 000 теңгеге шырша сатып ала алады.

Рейтинг жасаған кезде ұзындығы 1,8 метр болатын шырша бағасын салыстырдық. Оның ішінде ақ ұлпа жамырғаны, жасылы мен аралас түрі бар. Қазір бұл үш түрі сауда орындарында өте көп және сұраныс та жоғары.

Көкшетау қаласында тірі және жасанды шырша бағасы төмен болып шықты. Мұнда шырша бағасы – 6 500 теңге. Төгіліп тұрмаса да, мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Көп қалада жасанды шырша бағасы – 10 000 теңге. Мұндай баға Астана, Қарағанды, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Қызылорда мен Жезқазған қалаларында кездеседі. Тек шаршаның арзаны қайда сатылатынын білу керек. Үй жанындағы дүкен мен супермаркеттен мұндай бағада шырша алу әсте мүмкін емес.

Өскемен қаласында баға 12 000 теңгеден басталады. Ал Павлодар, Талдықорған, Ақтау, Атырау мен Семейде бірнеше жыл қызмет көрсете алатын шыршаны 15 000 теңге сатып алса болады.

Алматыда шырша бағасы 18 000 теңгеден басталады. Ал Түркістанда биіктігі 1,8 метрлік жасыл желекті 20 000 теңгеге сатып аласыз.

Ақтөбе мен Шымкент қалаларында баға жоғары. Мұнда шыршаны 40 000 теңгеге сатып алуға болады. Шымкентте тірі шырша бағасы да еліміз бойынша қымбат.

Оқи отырыңыз: Жасанды шыршаны орнатар алдында жуып алыңыз – аллергологтар кеңесі

Новости партнеров