Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрлық платформа іске қосылды
Қазақстан шекарасында жүк өткізу процесі 30 пайызға жеделдеді. Ал кезекте күту уақыты 10 есеге қысқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тауарларды есепке алып, кедендік рәсімдерді жылдамдататын цифрлық платформа іске қосылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаңа жүйе тасымалдаушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздің негізгі сауда серіктестері – Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен логистикалық тізбектерді оңтайландыруға жол ашады.
«Жүйе жүк қозғалысын мемлекет үшін де, жүк жөнелтуші мен жүк алушы үшін де бақылауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, платформа экспорт, импорт және транзит бағыттарындағы барлық жүк ағынының құрылымын ашық әрі нақты бақылауға жағдай жасайды»,– деді IT-компанияның бас директоры Думан Сембаев.
Елдегі жолдардың жай-күйін жасанды интеллект бағалайды. Ол үшін арнайы жылжымалы зертханалар іске қосылып жатыр. Кешен жолдарды сканерлеп, техникалық жағдайын анықтайды. Жиналған деректер негізінде жасанды интеллект жол жабынының жай-күйі туралы есеп жасайды. Сонымен қатар белгілер мен таңбаларды тіркеп, жабынның тегістігі мен ақауларын анықтайды. Кешен камерамен, ультрадыбыстық датчиктермен, лазерлік сканерлеу жүйесі бар артқы камерамен жабдықталған.
«Біздің институт 2025 жылы Европалық тәжірибені зерттей отырып, жылжымалы жол зертханасын іске қосылды. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы және Батыс Қазақстан облыстарымен жолдарын зерттеумен айналысамыз. Басты мақсатымыз – жол қауіпсіздігін арттыру», – деді «ҚазЖолҒЗИ» АҚ жетекші маманы Данияр Зәкіржан.
Оқи отырыңыз: Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу: Биыл Атырауда 4 жоба жүзеге асырылды