Қазақстан Үкіметінің өкілеттігі қысқартылады

26.01.2026 21:55

Отырыста Ата-заңға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізу ұсынылды

Қазақстан Үкіметінің өкілеттігі қысқаратын болды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституциялық комиссияның екінші отырысында Ата-заңға енгізілетін өзгерістерді тізіп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды бекітпейді. Сондай-ақ мемлекеттік комитеттердің қызметіне басшылық ету және олардың шешімдерін тоқтату сияқты құқығынан айырылады. Ерлан Сәрсембаев жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мемлекеттік бағдарламалар басты құжат болып саналмайтынын жеткізді.

«Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес, мемлекеттік бағдарламалар бұл жүйенің құжаттары болып табылмайды. Мұндай бағдарламалар қажеттілігіне қарай әзірленіп, бекітілетін болады. Қазіргі уақытта атқарушы билік құрылымдағы комитеттер орталық атқарушы органның ведомствосы болып табылады. Осыған байланысты, оларды Конституцияда жеке атап өтудің орындылығы жоқ», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.¤

Отырыста Ата-заңға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізу ұсынылды. Нақтыласам, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар, бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар, соттылығы жойылмаған немесе алынбаған азаматтар сайлауға, референдумға қатыса алмайды. Бұл тізімде сыбайлас жемқорлық жасағандар мен басқа да қылмысқа барғандар да бар. Одан бөлек, Құрылтай депутаты Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетсе, соттың айыптау үкімі заңды күшіне енсе немесе азаматтығынан айырылса, оның өкілеттігі тоқтатылады. Сондай-ақ партиялық тізіммен сайланған депутат өз партиясынан шыққан немесе партия қызметі тоқтатылған жағдайда да мандатынан айырылады.

«Бұл – жаңашыл нормадағы ерекше назар аударатын түзету. Қазіргі таңда қоғамда өте жағымсыз сипат алған сыбайлас-жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуы болып табылады. Бұл Мемлекет басышының да жиі айтылып жүрген сыни ескертпелеренің негізінде ұсынылып отыр деп толықтай айта аламыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров.

Оқи отырыңыз: Максим Рожин: Халық кеңесі — жалпыұлттық диалогтің жаңа форматы