Қазақстан Жазушылар одағы жаңа Конституция жобасын қолдады

07.02.2026 17:41

Іс-шарада құқықтық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, бьасқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етті. Жиынға еліміздің белгілі қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.

Қатысушылар реформалардың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасып, қоғамға, мәдениетке және шығармашылық салаға қатысты көзделген нормаларды, сондай-ақ азаматтық институттардың орны мен жауапкершілігін талқылады.

Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасына қатысты шығармашылық зиялы қауымның ұстанымын жүйелеп, оны қоғам назарына ұсыну.

Пікірталас барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сөз және шығармашылық еркіндігін нығайту туралы  айтылды.

Сондай-ақ құқықтық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасында ұсынылған бағыттар мен реформаларды қолдайтындарын білдірді.

Оқи отырыңыз: Аида Балаева: Азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді