Қазақстан зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді орнықтылығы бойынша әлемде 8-орынға шықты
Аталған көрсеткіш зейнетақы жүйесінің болашақта төлемдерді қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды
Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық рейтингінде ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша әлемнің үздік ондығына енді. Бұл бағытта еліміз 74,4 балл жинап, 55 мемлекеттің арасында сегізінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды Almaty.tv Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған көрсеткіш зейнетақы жүйесінің болашақта төлемдерді қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды. Бұл ретте зейнетақы активтерінің көлемі, жүйемен қамтылған жұмыскерлердің үлесі, халықтың қартаю қарқыны және демографиялық өзгерістер ескеріледі.
Ал рейтингтің жалпы қорытындысы бойынша Қазақстан 64,8 балл жинап, 29-орынға ие болды. Еліміздің зейнетақы жүйесіне С+ бағасы берілген.
Халықаралық зерттеу әр елдің зейнетақы жүйесін үш негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олар – зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің ұзақ мерзімді орнықтылығы және оны реттеу мен басқару сапасы. Сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті негізге алады.
Зерттеуде Қазақстанның зейнетақы жүйесін реттеу және басқару бағытына да баға берілген. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз 83 балл жинаған. Бағалау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтарды ақпараттандыру және зейнетақы жинақтары туралы мәліметтердің қолжетімділігі ескерілген.
Сарапшылар Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне де талдау жасаған. Ол мемлекеттік зейнетақы төлемдерін, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары есебінен қалыптасатын жинақтарды, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналарын қамтиды.
Зерттеуде Қазақстанның басым тұстары ретінде жұмыскерлерді зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамту, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және ақпараттандыру жұмыстары аталған.
Айта кетейік, алдыңғы зерттеуде Қазақстанның жалпы көрсеткіші 65 балл болған. Ал 2026 жылғы рейтингте бұл көрсеткіш 64,8 балды құрады.
Зерттеу нәтижелері еліміздің зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық бойынша жоғары бағаланғанымен, зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі мен өзге де бағыттарды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Оқи отырыңыз: 20 қарашада Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр