Қазақстан жолдарында жүргізушісіз көліктер пайда болуы мүмкін

07.08.2026 21:32

Вице-министрдің айтуынша, егер пилоттық сынақ сәтті аяқталса, жоба белгіленген мерзімнен бұрын аяқталуы мүмкін

Қазақстан жолдарында жүргізушісіз көліктер пайда болуы мүмкін. Қыркүйек айынан бастап Астана, Алматы және Қосшы қалаларында оларды сынақтан өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Пилоттық жоба  жылға созылып, осы уақыт ішінде көліктер арнайы бағыттарда қатынайды. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беріледі. Барлығы да бейнебақылау камералары, автопилотты шұғыл өшіру жүйесі және бағдарламалық қамтамасыз етуді сыртқы араласудан қорғайтын қорғаныс жүйесімен жабдықталады.

«Көліктерді Қазақстанға әкеліп қойды. Қазір HD-карталарды әзірлеумен айналысып жатыр. Қыркүйек–қазан айларында көліктерді пайдалануға беріп, жалпыға ортақ жолдарға шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

Вице-министрдің айтуынша, егер пилоттық сынақ сәтті аяқталса, жоба белгіленген мерзімнен бұрын аяқталуы мүмкін. Нәтижелері оң болса, жүргізушісіз көліктерді алдағы уақытта жүк тасымалына пайдалану мәселесі де қарастырылады. Алайда қазіргі кезеңде негізгі басымдық жолаушыларға қызмет көрсететін такси жүйесіне берілген. Жауаптылардың айтуынша, халықаралық тәжірибе жүргізушісіз көліктердің қауіпсіздік деңгейі жоғары екенін көрсетіп отыр.

«Бұл технологияны сынақтан өтті деуге болады. Мәскеу тәжірибесін алайық. Қателеспесем, 2023 жылдан бері Мәскеу жолдарында жүргізушісіз көліктер жүріп келеді. Шамамен 36 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның тек екеуі ғана жүргізушісіз көліктердің кінәсінен болған. Оның өзінде ешкім зардап шекпеген», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесі ұшты

Толық көрсету