Қазақстанда 1,5 млн жалақы алу үшін қандай қызметке бару керек

09.04.2026 13:16
Almaty.tv

2026 жылдың наурызында Enbek.kz платформасында 102,6 мың бос жұмыс орны жарияланған, бірақ 107,1 мың адам түйіндеме қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері жалпы 304,3 мың вакансия мен 394,4 мың түйіндеме тіркелген.

Жұмыс берушілер ең көп адам іздейтін салалар:

  • білім беру – 22,6 мың вакансия
  • қызмет көрсету – 21,2 мың
  • денсаулық сақтау – 8,7 мың
  • ауыл шаруашылығы – 7,9 мың

Өңірлер бойынша көшбасшылар: Түркістан, Қарағанды облыстары, Астана, Павлодар және Атырау.

Еңбек министрлігінің зерттеуіне сенсек, елде жоғары оқу орнын бітірген мамандарға қарағанда арнайы кәсіптік білімі немесе тәжірибесі бар мамандарды көп іздейді. Қазіргі таңда жұмыс берушілерге ең керегі де осылар.

Жұмыс берушілерге керек қызметкерлердің:

  • 40% – орта білікті мамандар
  • 31% – біліктілігі төмен
  • 29% – жоғары білікті

Ал жұмыс іздеушілердің ішінде көпшілігі жастар, нақты айтқанда 42%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Оның ішінде 54%-ы әйелдер, 46%-ы ерлер.

Жалақыға келгенде жұмыс беруші ұсынған жалақы мен жұмыс іздеуші сұрайтын жалақы арасында елеулі айырмашылық бар.

Жұмыс берушілер төмендегідей жалақы ұсынып отыр:

  • заң бөлім басшысының орынбасарына – 1,4 млн тг
  • IT архитекторға – 1,38 млн тг
  • өндіріс басшысына – 1,14 млн тг

Бірақ үміткерлердің күткені одан да жоғары, кейбірі үш есе жоғары ақы сұрайды:

  • HR бизнес-серіктесі – 4,2 млн тг
  • каротажшы (ұңғымаларды (мұнай, газ, су) зерттейтін маман) – 3 млн тг
  • зертхана басшысы – 2,5 млн тг.

Оқи отырыңыз: Бас прокуратура инвестицияларды қорғауда «100% кепілдік» жүйесін енгізді