37 емханада және 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультацияларының жұмысы қайта жанданды
Қазақстанда 2026 жылдың 10 айында ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайыз төмендеді. Оң динамика ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіру, ауруларды ерте диагностикалау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалыптасты, деп хабарлайды Almaty.tv Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Елімізде репродуктивтік жастағы әйелдердің арасында қауіп факторларын ерте анықтауға, уақтылы тексеруге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фертильдік жастағы әйелдер салауатты жүктілікке дайындалу үшін өз емханасында 12 түрлі медициналық тексеруден өте алады.
Сонымен қатар 37 емханада және 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультацияларының жұмысы қайта жанданды.
Әйелдер консультацияларының қызметімен 1 миллионнан астам әйел қамтылды, ал жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18 пайыз артып, 71 пайызға жетті.
Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау мақсатында барлық өңірдегі перинаталдық орталықтардың жанынан 19 «Бір күндік клиника» жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта 100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикалық тексерулермен қамтылды.
Пренаталдық скринингпен қамту көрсеткіші 8%-ға артты.
Нәресте дүниеге келгеннен кейін де медициналық бақылау жалғасады. Ол жаңа туған нәрестеге патронаж жүргізуді, профилактикалық тексерулерді, вакцинациялауды және денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды қамтиды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны жеті есеге жуық артты