Қазақстанда 11 жаңа колледж салу жоспарланып отыр

21.11.2026 17:16

Сондай-ақ балабақшаларда 234 мың жаңа орын ашылды

Аlmaty.tv

Қазақстанда 16 мың студентке арналған 11 жаңа колледж салу жоспарланып отыр. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісін кеңейтіп, жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Вице-министрдің айтуынша, қазір елімізде 763 колледж жұмыс істейді. Білім беру инфрақұрылымын дамытудың бұл бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеруге де жол ашады.

Сонымен қатар колледж студенттеріне арналған жатақханалар желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта елімізде 45,6 мың орындық 602 жатақхана бар. 2019 жылдан бері 91 жатақхана пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде студенттер жатақханасындағы орын тапшылығы алты еседен астам қысқарды.

Мектепке дейінгі білім беру саласында да инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жеті жылда Қазақстандағы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 мекемеге толықты. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам балабақша мен басқа да мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға 1 миллионнан астам бала барады.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісі жаңа нысандар салу, қолданыстағы мекемелерді реконструкциялау және олардың қуаттылығын арттыру, сондай-ақ шағын орталықтар ашу есебінен кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда осы ұйымдарда 234 мың жаңа орын ашылған.

Оқи отырыңыз: Келешек мектептері Қазақстанның білім беру инфрақұрылымын қалай өзгертті

Толық көрсету