Елде егін жинау науқаны аяқталуға жақын
Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазір 13,5 миллион гектар дәнді дақыл жиналып, 19,9 миллион тонна астық бастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл солтүстік пен орталықтың кейбір өңірлерінде жауын-шашын аз түсіп, егіннің шығымына қауіп төнген. Ал Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында құрғақшылық байқалды. Соған қарамастан, астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары.
Үкімет биыл майлы дақылдардан рекордтық өнім күтеді. Қазірдің өзінде 2,4 миллион тонна майлы дақыл жиналған. Жыл соңына дейін оның көлемі 5 миллион тоннадан асуы мүмкін.
– Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 5 миллион тоннадан астам өнім жиналады деп болжануда. Сондай-ақ 2,9 миллион тонна көкөніс, 2,3 миллион тонна бақша дақылдары және 2,5 миллион тонна картоп жиналды. Биыл егіс алаңы 173,5 мың гектарды құраған мақтаны жинау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, елдегі астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,5 миллион тонна. Қазір элеваторларға 4,9 миллион тонна жаңа жиналған дәнді дақыл жеткізілген.
Астық экспортын ұлғайту үшін негізгі теміржол бағыттарының өткізу қабілеті де күшейтіліп жатыр. Биыл сегіз айда теміржол арқылы 7,2 миллион тонна өнім сыртқы нарыққа тасымалданған.
– Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16 900 астық вагоны, 17 800 жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар, – деді ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
Қазақстан астығына Орталық Азия елдері, Қытай, Ресей және Ауғанстан тарапынан сұраныс артқан. Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қалыптасқан қарқынмен жалғастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, биылғы өнім ішкі қажеттілікті өтеуге және сыртқы нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті.
– Қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын дайындап алу басым бағыт болып қала береді. Егін орағы кезінде қажетті көлемдерді алдын ала келісімшарт арқылы уақтылы сатып алып, сақтауға қою керек. Өңір әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстап, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге тиіс, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Елде егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Батыс Қазақстан облысында астық толық жиналса, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында жиын-терім жұмыстары 95 пайызға орындалған.
Үкімет басшысы жауапты органдарға келесі жылдың егіс науқанына дайындықты қазірден бастап, шаруаларға қаржылай қолдау көрсету және сапалы тұқым қорын алдын ала әзірлеу жөнінде тапсырма берді.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астанадан.