Диқандар биыл 2,2 млн тонна минералдық тыңайтқыш қолданды
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімі көлемін ұлғайтып, егіншілік саласының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи технологияларды кеңінен енгізуге, жер құнарын тиімді пайдалануға және климаттың өзгеруіне бейімделген аграрлық өндірісті дамытуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, осы жолда Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына орай әзірленген 2024–2028 жылдарға арналған жол картасында негізгі міндеттер нақты көрсетілді.
Ең алдымен егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырып, табысы жоғары дақылдардың үлесін көбейту қажет. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдаланып, шаруашылықтардың табысын арттырып, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызға жетті. Бұл жоспарланған 11,6 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Алдағы уақытта одан әрі арттыру көзделуле. Өйткені сапалы тұқым – мол өнім алудың және дақылдардың түрлі табиғи жағдайларға төзімділігін арттырудың кепілі.
Егін өнімділігін арттыруда минералдық тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолданудың да маңызы зор. Биыл диқандар 2,2 млн тонна тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66 пайызына тең. Алдағы уақытта тыңайтқыш қолдану көлемін ұлғайту арқылы топырақ құнарын сақтап, егіс алқаптарының өнімділік әлеуетін арттыру жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да басты назарда. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7 пайызға жетсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу межеленген. Бұған қоса, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жалғасады. Әсіресе климаттың өзгеруі мен су тапшылығы қаупі күшейген кезеңде мұндай технологиялардың қажеттілігі арта түседі.
Осының барлығы егіншілік саласын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи әрі тиімді өндіріс жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыру, өндіріс шығындарын азайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту- аграрлық саланы дамытудың басым бағыттары болып қала береді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан 24,3 млн тонна астық жинады