Қазақстанда азаматтардың банк шоттары неге бұғатталып жатыр

10.04.2026 16:49

Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсініктеме берді

Almaty.tv /мұрағат/

Қазақстанда азаматтардың банктік шоттары жаппай бұғатталып жатыр. Соңғы күндері әлеуметтік желіде бұл жағдайға қатысты шағымдар көбейген. Мәселеге қатысты Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жауаптылардың мәліметінше, қазір салықтық әкімшілендіруді цифрландыру аясында камералдық бақылау жүйесін толық автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда жаңа әдістемені енгізу кезінде техникалық қате кеткен. Соның салдарынан кейбір азаматтарға қатысты камералдық хабарламалар негізсіз қалыптасып, банктік шоттардағы шығыс операциялары уақытша тоқтатылған.

Ведомство өкілдері бұл жағдайға алаңдаудың қажеті жоқ деді. Қате қазірдің өзінде түзетілген. Бұрын енгізілген шектеулерді кері қайтару жұмыстары жүргізілуде, олардың бір бөлігі жойылыпты. Қалған шоттар бойынша шектеулер бүгін толық алынады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында қоршаған ортаны ластап, қоқыс төккен тұрғын анықталды