Қазақстанда бір грамм алтын қанша тұрады

26.02.2026 14:31

Бағалы металдың бағасы бір аптада өсті

Depositphotos.com

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, 26 ақпан таңертеңгі жағдай бойынша бір грамм алтынның бағасы 82 542,16 теңгені құрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бір апта бұрын баға 77 543,67 теңге болған. 

Әлемдік алтын нарығында да бағаның өсуі байқалып отыр. Reuters агенттігінің мәліметінше, 25 ақпандағы жағдай бойынша алтынның спот бағасы 1,1%-ға өсіп, унциясына 5 202,28 АҚШ долларын құрады, ал АҚШ-тың сәуір айындағы фьючерстері шамамен 1%-ға өсіп, 5 226,20 доллар болды. Жыл басынан бері металл шамамен 20%-ға қымбаттаған.

Алтын бағасы АҚШ сауда тарифтері инфляцияны жеделдетуі мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты қауіпсіз активтерге деген сұраныстың артуы аясында өсіп келеді. Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс және жалғасып жатқан геосаяси тәуекелдер баға белгілеуге қосымша қолдау көрсетіп отыр. 

Оқи отырыңыз: Рамазан: себепсіз сый – шынайы құрмет