Қазақстанда дәнді дақылдарды терең өңдеу қуаты 5,8 млн тоннаға жеткізілмек

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

2029 жылға дейін дәнді дақылдарды өңдеу бойынша алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров дәнді дақылдарды терең өңдеу мен сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндігін кеңейту шаралары туралы баяндады. 2029 жылға дейін дәнді дақылдарды өңдеу бойынша алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен бір мезгілде тауар-сүт фермаларының құрылысы және толық циклді алты ет кластерін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда.

«2029 жылға дейін крахмал, глютен, биоэтанол, амин қышқылдары және басқа да өнімдерді шығару бойынша жылына 5,8 млн тонна шикізатты қайта өңдеу мүмкіндігіне ие алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде бар: биыл Түркістан облысында "Қазқрахмал" зауыты, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды. Жаңа өндірістерді құрумен қатар оларды шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жобалық қуаттарға шығу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде», — деді министр.

Мал шаруашылығында жалпы қуаты жылына 600 мың тоннадан асатын тауар-сүт фермаларының 99 жобасы қаржыландырылды. Осы жылдың соңына дейін іске қосылған фермаларды жобалық қуатының 70%-на, ал келесі жылы толық қуатына шығару жоспарлануда. Оған қосымша 130 мың басты бордақылап, 26 мың тонна ет өндіруді көздейтін алты ет кластерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен ақатар отандық өнімдерді өткізу нарықтарын кеңейту үшін агрологистикалық орталықтар желісі қалыптасуда және шағын өндірушілердің тауарларын маркетплейстер арқылы сату дамып жатыр.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі ұлғаяды