Қазақстанда денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық жүйесі құрылып жатыр

11.02.2026 14:20

Жаңа стратегия шеңберінде шашыраңқы жүйелердің саны 23-тен 7 бөлікке дейін қысқарады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) құрудың соңғы кезеңіне кірісті. Үкімет отырысында саланы цифрлық трансформациялау барысы туралы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова айтып берді. Жаңа архитектура қаржы ағындарының, медициналық көмектің сапасы мен көлемінің түпкілікті мониторингін қамтамасыз ете отырып, шашыраңқы мемлекеттік және жеке сервистерді E-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Тарихи тұрғыдан алғанда, денсаулық сақтаудың АТ жүйелері негізінен жеке контурда қалыптасты, нәтижесінде бүгінгі таңда ақпараттық жүйелердің тек 34% - ы толығымен мемлекеттік басқаруда. Қалыптасқан жағдай деректерді интеграциялауға, басқаруға және бірыңғай цифрлық архитектураны енгізуге байланысты саланың мемлекеттік цифрлық жобаларын іске асыру кезінде объективті қиындықтар туғызады», - деп атап өтті министр өз сөзінде.

Жаңа стратегия шеңберінде Министрлік шашыраңқы жүйелердің санын 23-тен 7 негізгі құрамдас бөлікке дейін қысқартады. Биылғы бірінші тоқсанда ТМККК және МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін барлық жеке клиниканың мәліметтерін жинақтайтын медициналық деректердің бірыңғай қоймасы қалыптастырылатын болады. Қазіргі уақытта деректер базасының толықтығы 97%-ға дейін жеткізілді, бұл ведомствоға нақты уақыт режимінде халық денсаулығының толық бейнесін көруге мүмкіндік береді. Жобада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен санитариялық бақылаудың ашықтығына ерекше назар аударылды. 1 шілдеден бастап Қазақстанда вакцинациялаудың толық цифрлық есебін, бақылаудағы нысандардың қызметін талдауды, тексеру нәтижелерін, жеке санитариялық кітапшаларды қоса алғанда, рұқсат құжаттарын беруді қамтамасыз ететін бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі іске қосылады.

Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы ауқымдастырылуда: 2025 жылы ол арқылы 13,8 млн-нан астам цифрлық рецепт берілді, болашақта дәрілік мониторингпен қамту 2 млн-нан астам пациентті құрайды.

«Біз денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырамыз, онда барлық медициналық деректер біріктірілген, ашық және қорғалған. Бұл дәрігерге бір цифрлық контурда жұмыс істеуге, ал мемлекетке — медициналық көмектің сапасы мен әділдігіне кепілдік беруге мүмкіндік береді», — деді Ақмарал Әлназарова.

2026 жылдың желтоқсанына қарай БММАЖ көптеген жеке интерфейстерді ауыстырып, дәрігерлер үшін «бірыңғай цифрлық терезе» құра отырып, саланы басқарудың негізгі платформасына айналады. Цифрлық трансформация Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық денсаулық сақтау экожүйесін құру және медициналық деректерге мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылады.

Оқи отырыңыз: Ойланып-толғануға уақыт жоқ: Бектенов жүйелі реформаларды жедел іске асыруды тапсырды