Қазақстанда «Әділет» атты жаңа саяси партия құрылады

15.04.2026 15:52

Жаңа ұйымның миссиясы – жаңа Конституция ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету

«Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті

15 сәуірде бастамашыл топ жаңа «Әділет» саяси партиясын құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Жаңа партия өзін прогрессивті реформалардың жақтаушысы, Әділетті Қазақстанды құру, заң үстемдігін нығайту және шешім қабылдау процесіне азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуді қолдаушы ретінде танытады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әділет» партиясының негізгі мақсаты мен міндеттері – Жаңа Конституция қағидаттары мен Әділетті Қазақстан құндылықтары негізінде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау.

Жаңа ұйымның миссиясы – 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Жаңа партия прогрессивті жастарды, түрлі сала мамандарын, қала мен ауыл тұрғындарын, яғни отандастарымыздың мүдделерін шынайы қорғауға және баршаға ортақ әділдікті орнатуға атсалысуға дайын қазақстандықтардың басын біріктіреді.

«Біз экономикасы қуатты, баршаға кең мүмкіндік беретін және әлемдік қоғамдастықта абыройлы да беделді, Әділетті мемлекет құру және оны нығайтуға мүдделі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіргіміз келеді», - деп мәлімдеді бастамашылар.

Әділдік, Патриотизм, Еңбекқорлық, Жауапкершілік және Прогресс құндылықтарына сүйене отырып, партия бастамашылары мынадай басымдықтарды жариялады:

  • Барша қазақстандық үшін мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету, кландық, өңірлік ерекшеліктердің ықпалын азайту;
  • Тәуелсіз, тиімді әрі объективті құқық қорғау және сот жүйесін нығайту;
  • Экономикалық әділдік пен Қазақстанның тұрақты дамуы.

Жаңа партия өзінің саяси күн тәртібін қалыптастыру аясында азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және сала мамандарымен тығыз ықпалдасуға ниетті.  

16 сәуірде бастамашы топ Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жібереді және жақын арада партияның құрылтай съезін өткізуді жоспарлады.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы 2026 жылдың басты оқиғалары: концерттер, фестивальдер және әлемдік деңгейдегі шоулар