Қазақстанда ым-ишарат тілінің бейнесөздігі іске қосылды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Бейнесөздік қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «е-Ымдау» ым-ишараттық тілінің бейнесөздігі ресми түрде қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ғылыми-әдістемелік кеңесі мен Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жаңа цифрлық ресурс есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алуына, қарым-қатынас жасауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. «е-Ымдау» бейне сөздігінің ерекшелігі – сөздер мен ұғымдарды ым-ишараттар арқылы көрнекі түрде ұсынатын интерактивті деректер базасына негізделуі.

«Автоматтандырылған іздеу жүйесінің көмегімен пайдаланушылар қажетті сөзді жылдам тауып, оның дұрыс ым-ишараттық нұсқасымен таныса алады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері.

Бейнесөздік қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Оны App Store қосымшасы арқылы жүктеуге немесе Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайты арқылы онлайн форматта пайдалануға болады.

«е-Ымдау» сөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды. «е-Ымдау» бейне сөздігі есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге, ым-ишараттық тілді үйренуді жеңілдетуге және инклюзивті білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаның іске қосылуы ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына қосымша мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматы донорлары күн сайын шамамен 120 адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі

Новости партнеров