Қазақстанда еңбекке жарамсыздық парағына қатысты не өзгереді

23.09.2026 16:09

Ведомство ұзақ уақыт емделуді қажет ететін сырқаттардың тізімін нақтылауды жоспарлап отыр

Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі 2 айдан асатын аурулар тізіміне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған түзетулер жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство ұзақ уақыт емделуді қажет ететін сырқаттардың тізімін нақтылауды жоспарлап отыр. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, әрбір ауру атауына халықаралық жіктемеге сай тиісті кодтар қосылады. Министрлік тізімді еліміздің барлық өңірінде бірізді қолдануға мүмкіндік береді деп отыр.

«Халық үшін ешқандай шектеу болмайды. Бұл тізімнен аурулар алынып тасталмайды немесе жаңадан қосылмайды. Тек қана бұйрыққа сәйкес аурулардың халықаралық коды енгізіліп, нақтыланады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Гаухар Бисарина.

Бұл ретте 433-тен астам ауруды қамтитын қолданыстағы тізім өзгеріссіз қалады. Ұсынылып отырған түзетулер ауру атауларын реттеп, оларды қолдану тәртібін біріздендіруге бағытталған. Министрлік бұл өзгерістер жұмыс үдерісін оңтайландырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті. Құжат жобасы қазанның 5-іне дейін қоғамдық талқылауда болады.

«Сіз еңбекке жарамсыздық парағын алған кезде тек код көрсетіледі. Азаматтар сол код арқылы  қосымша ұсынатын сілтеме арқылы кіріп, аурудың түрін көре алады. Сондай-ақ оның екі айдан аса уақыт берілетін аурулар тізіміне жататынын не жатпайтынын сол жерден тексеруге болады», – деп түсіндірді Гаухар Бисарина.

Оқи отырыңыз: Вирусқа қарсы қадам: 2027 жылдан бастап Қазақстанда ұл балаларға да АПВ екпесі салынады

Толық көрсету