Жаңа білім ошақтары 59 мыңнан астам оқушыға шақталған
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің бірнеше өңірінде 21 білім беру нысаны бой көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында салынады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталған аймақтарда оқушы орындарының тапшылығы бар.
Президент «Халықтық құрылыс» бастамасын келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алынған жалпыұлттық міндет деп атады. Осы жоба аясында елордада 14 мектеп пен 2 оқушылар сарайы бой көтереді. Шымкент қаласы мен Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының оқушылары да жаңа білім беру нысандарында білім алады. Құрылыс жұмыстарына Инфрақұрылымдық даму қорынан 38,5 миллиард теңге бөлінеді.
Бұдан бөлек, еліміздің 20 өңірінде жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу жоспарланған. Мұнда балалардың білім алуына жағдай жасалып қана қоймай, оңалту және сауықтыру кабинеттері арқылы қажетті қолдау көрсетіледі.
«Бұл қолданыстағы арнайы мектептерден түбегейлі ерекшеленеді. Атап өткендей, оңалту орталығына айналады. Балаларға медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Сонымен бірге бұл жерде тек ерекше қажеттіліктері бар балалар ғана оқымайды. Ортақ кеңістіктерге, спорт кешендері мен бассейндерге нормативтік балалар да тартылып, олардың әлеуметтенуіне жағдай жасалады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов.
Қазір елімізде 101 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа білім ошақтары 59 мыңнан астам оқушыға шақталған. Жоспар бойынша оның 85-і жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Қалғаны келесі жылы пайдалануға беріледі. Салынып жатқан мектептердің 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан.
Оқу-ағарту министрлігі үш ауысымды оқыту мәселесін түбегейлі шешу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кіріскен. Өйткені құрылысы жүріп жатқан 101 мектептің қатарында үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім беру нысандары да бар. Қазір еліміздегі 36 мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр болса, 27 мектеп апатты жағдайда тұр.
«Үш ауысымды мектептердің басым бөлігі Алматы облысында орналасқан. Мұнда шамамен 23 нысан бар. Ал Батыс Қазақстан облысында 8 білім ошағы үш ауысымда оқытады. Қалған бес-алты өңірде мұндай бір-бір мектептен бар. Апатты жағдайдағы нысандардың басым бөлігі еліміздің батыс өңірлерінде, атап айтқанда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында шоғырланған», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов.
Соңғы жеті жылда елімізде апатты мектептердің саны екі есеге азайып, 48 білім ошағының мәселесі шешілген. Ал үш ауысымды мектептердің саны бес есеге қысқарып, 133 нысан бұл қатардан шығарылған. Министрлік қалған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.
«Биыл төрт үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. 2027 жылы екі үш ауысымды мектеп пен он апатты мектептің мәселесі шешіледі. 2028 жылы 15 үш ауысымды мектеп пен 9 апатты мектептің мәселесі қарастырылады. Сонымен бірге 2029–2030 жылдары 15 үш ауысымды мектеп пен 4 апатты мектептің мәселесі шешімін табады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов.
Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 300-ден астам мектеп салынды. Білім беру инфрақұрылымын дамытуға ауқатты азаматтар мен сыбайлас жемқорлардан қайтарылған активтер де жұмсалып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы қор есебінен 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілсе, қалған жетеуін жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астана қаласынан