Қазақстанда қайырымдылық қорлар мен халықаралық ұйымдар медициналық көмекті қаржыландыратын болады. Бұған дейін саланы тек мемлекет қолдап келген. Вице-премьер Аида Балаева енді тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері көбейетінін жеткізді. Одан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі артып, азаматтар сол арқылы кейбір күрделі әрі жоспарлы емге қол жеткізе алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олжас Бектенов сөзінің әлқиссасын қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаудан бастады. Ол Ата Заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашатынын атап өтті. Ал министрлер кабинеті Президенттің командасы ретінде алда тұрған мақсат-міндеттерді жүзеге асырып, реформалардың сапасы мен алға жылжу қарқынын қамтамасыз етуге жауапты екенін еске салды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек. Сонымен қатар Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуіміз қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтіледі. Халықтың жеке дерегіне ие бола алмағандар 22 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалайды, тіпті қылмыстық жазаға тартылады. Жасанды интеллект министрі жаңа Конституцияда арнайы норма бекігенін, оған сай, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге, сондай-ақ дербес деректер туралы заңнамаға түзетулер енгізілетінін мәлім етті. Жаслан Мәдиев жаңашылдық техникалық қорғау шаралары мен жауапкершілікті күшейту арқылы жүзеге асатынын жеткізді.
«Пайдаланушылар алдында ашықтық пен жауапкершілікті арттыру үшін операторлар дербес деректердің тарап кету фактілері туралы уәкілетті органға да, азаматтардың өздеріне де хабарлауға, сондай-ақ дербес деректерді өңдеудің басталғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Алатау мен Астана қалаларының мәртебесі конституциялық заңмен бекітілмек. Вице-премьер Серік Жұманғарин Алатауға қатысты құжат Парламентте қаралып жатқанын, осы айдың соңына дейін Президент қарауына ұсынылатынын айтты. Сөзінше, заң жергілікті басқаруды жетілдіруді, халықаралық стандарттарды енгізуді, цифрлық активтерді реттеуді, инвестицияларды қорғауды және салық-қаржы қатынастарын ерекше тәртіппен ұйымдастыруды қарастырады.
«Конституциялық заң деңгейінде Астананың мәртебесін 2-бапта айқындалатын болады. Бұл елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, қалалық ортаның сапасын, қала тұрғындарының өмір сүруінің жайлылық деңгейін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновациялар мен технологияларды және адам капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы орайда, еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова білім беру стандарттарын қайта қарауға ниетті. Ол оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтіп, білім сапасына көңіл бөлмекші. Кейбір оқулықтар қайта жазылды. Министрдің сөзінше, оқушылар оқып жүрген қазіргі кітаптардың басым бөлігі 2018-2019 жылдары әзірленген және содан бері мазмұны жүйелі түрде қайта қаралмаған.
«2026 жылы 3, 4, 7, 8, 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. 2027 жылы 1 және 5-сыныптарға жаңа оқулықтар басылады. 10 және 11-сынып оқушыларының оқулықтарының мазмұны қайта қаралады. 2028 жылы 2 және 6-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көреді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова
Олжас Бектенов жауаптыларға 10 сәуірге дейін жаңа Конституцияны көптеп басып шығарып, электрондық платформаларда жариялауды тапсырды. Құжаттағы нормалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет.
Ал кей министрлер уақыт оздырмай заңға енгізілетін түзетулерді Парламентке ұсынуы тиіс.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылады