2026 жылғы 1 қазанда халық саны 20 633 529 адамға жетті
2026 жылғы 1 қазанда халық саны 20 633 529 адамға жетті. Жыл басында бұл көрсеткіш 20 499 822 адам болған. Осылайша, қаңтар-қыркүйек аралығында ел тұрғындарының саны 133 707 адамға немесе 0,65 пайыз артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халық саны негізінен табиғи өсім есебінен артқан. Есепті кезеңде табиғи өсім 128 303 адамды құрады. Ал көші-қон айырымы оң қалыптасып, 5 404 адам болды. Демек, жалпы өсімнің шамамен 96 пайызы табиғи өсімге, 4 пайызы көші-қонға тиесілі.
Қала тұрғындарының саны артты
2026 жылғы 1 қазанда қала халқының саны 13 254 158 адамға жетті. Жыл басымен салыстырғанда қалалардағы тұрғындар саны 169 048 адамға немесе 1,29 пайызға көбейген.
Ал ауыл халқының саны осы кезеңде 35 341 адамға азайып, 7 379 371 адамды құрады. Төмендеу деңгейі 0,48 пайыз болды. Нәтижесінде ел халқының шамамен 64,2 пайызы қалаларда, 35,8 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Ауылдық жерлерде табиғи өсім оң болғанымен, көші-қон айырымы теріс қалыптасқан. Ауыл халқының табиғи өсімі 49 509 адамды құраса, көші-қон айырымы −84 850 адам болды. Бұл ауыл тұрғындары санының жалпы азаюына әсер етті.
Бірқатар өңірде халық саны азайды
Есепті кезеңде кейбір облыстарда тұрғындар саны төмендеген. Атап айтқанда, Түркістан облысында халық саны 7 796 адамға, Жамбыл облысында 6 082 адамға, Абай облысында 5 560 адамға, Жетісу облысында 5 541 адамға азайды.
Қызылорда облысында жыл басында 846 312 адам тұрған болса, 1 қазанда бұл көрсеткіш 844 183 адам болды. Яғни облыс халқы 2 129 адамға немесе 0,25 пайызға кеміген. Өңірдегі табиғи өсім 7 296 адамды құрағанымен, көші-қон айырымы −9 425 адам болған.
Көрсеткіштер елдегі демографиялық өзгерістердің өңірлер бойынша әркелкі екенін көрсетеді. Жалпы Қазақстан халқының көбеюінде табиғи өсім шешуші рөл атқарса, жекелеген өңірлер мен ірі қалалардағы халық санына көші-қон да елеулі ықпал еткен.
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық саяхатшыларды несімен қызықтырады