Жоғары Сот Кеңесінің аппараты судья лауазымдарына кандидаттарды іріктеу тәртібі туралы ақпараттық бейнеролик ұсынды
Жоғары Сот Кеңесінің аппараты конкурстық рәсімдердің ашықтығын арттыру және азаматтарды құқықтық ағарту жөніндегі жүйелі жұмысы аясында «Қазақстанда судья қалай болуға болады?» атты ақпараттық бейнематериал әзірледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомство мәліметінше, жоба судья лауазымына орналасу тәртібін толық түсіндіреді. Онда кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары, құжаттарды тапсыру тәртібі, біліктілік емтиханынан өту және конкурстық іріктеуге қатысу кезеңдері қамтылған.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін ауқымды жаңғырту іріктеу рәсімдерінің ашықтығын, объективтілігін және қолжетімділігін едәуір арттырды.
Жүргізілген реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – біліктілік емтиханын ай сайын өткізу тәртібінің енгізілуі. Бұл жаңашылдық судья лауазымына үміткерлердің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.
Бейнематериалда біліктілік емтиханының барлық негізгі кезеңдері – заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеу, эссе жазу, практикалық кейстік тапсырмаларды орындау, психологиялық тестілеу және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесу кезеңдері дәйекті түрде түсіндіріліп, олардың әрқайсысы бойынша бағалау өлшемдері баяндалған.
Біліктілік емтиханынан сәтті өткен кандидаттар тағылымдамадан өтуге немесе бос судья лауазымдарына жарияланған конкурсқа тікелей қатысуға мүмкіндік алады.
Ақпараттық бейнематериал - Кеңестің судьялар корпусын қалыптастыру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, кандидаттардың хабардарлығын арттыру және судьяларды іріктеу жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы.
Оқи отырыңыз: Ұлттық ұлан қызметшілері семсерлесуден әлем чемпионы атанды