Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған
Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығын төлеуден босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тиісті шаралар дәрілік заттардың 3000-нан астам атауын қамтиды, оның 1 200 атауы орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС-тан босатылады.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды.
Қосымша қосылған құн салығынан ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар босатылады.
Аталған шаралар 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған «Денсаулық сақтау саласындағы қосылған құн салығынан босатудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1203 қаулысымен бекітілген және 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі шеңберінде іске асырылады.
Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға қаржылық жүктемені азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Елімізде жұмыс беруші аударатын міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайды