Іс-шара аясында 170 мыңнан астам тұрғын үй тексерілді
Қазақстанда «Қауіпсіз үй» профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Шара басталғалы бері полицейлер 170 мыңнан астам үй мен пәтерді тексеріп, түрлі құқықбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, тексеру барысында 8 мыңнан астам адамның тіркеусіз тұрып жатқаны анықталған. Сонымен қатар аулалар мен ғимараттардағы 20 мыңнан астам жазу мен сурет тазартылып, жеті мыңнан астам адам жауапқа тартылды.
«Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың пікірін есту де маңызды. Полицейлер тұрғындармен жеті мыңға жуық кездесу өткізіп, екі мыңнан астам өтініш қабылдады. Әрқайсысы мұқият қаралды», – деді Мұрат Қабденов.
Оның мәліметінше, тұрғындар шағымданған мекенжайларды тексеру кезінде есірткіден масайған 400 адам анықталып, жауапқа тартылған. Алматыда есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзу, көліктермен қауіпті маневр жасау және дрифт ұйымдастыруға қатысты екі мыңға жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Балалардың қауіпсіздігіне де назар аударылды. Екі апта ішінде жасөспірімдерге қатысты үш мың құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізіліп, 337 бала бейімдеу орталықтарына жіберілді. Бұдан бөлек, 45 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 62 қару тәркіленді.
ІІМ өкілі тұрғындарды құқықбұзушылық немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай байқалғанда полицияға дереу хабарлауға шақырды.
«Қауіпсіз үй – қауіпсіз ауладан, жанашыр көршілерден және бір-бірімізге деген ортақ қамқорлықтан басталады», – деді Мұрат Қабденов.
Оқи отырыңыз: Қытайға Қытайға 620 ақбөкен мүйізін заңсыз әкетпек болғандар ұсталды - ҰҚК