Қазақстанда қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау күшейтілмек

04.02.2026 10:23

Келісу комиссиясының жұмысына делдал тарту және оның қатысу тәртібін реттейтін нормалар толықтырылады

Аlmaty.tv

Мәжіліс депутаттар бастамашылық еткен қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған түзетулер 2025 жылғы 19 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Заңға сәйкес, егер жеке тұлғаның қызметінде еңбек қатынастарының кемінде бір белгісі анықталса, онымен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға тыйым салынады.

"Ұжымдық шарттың мазмұны тиісті мамандық пен лауазым бойынша ең жоғары және ең төмен жалақы мөлшерінің рұқсат етілген арақатынасы туралы міндетті шарттармен, сондай-ақ еңбек қызметіне байланысты/қызмет барысында орын алған жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды қоса алғанда, төлемдер туралы ережелермен толықтырылады", - делінген Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту құзыретіне ие болады.

Келісу комиссиясының жұмысына делдал тарту және оның қатысу тәртібін реттейтін нормалар толықтырылады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы заңмен бекітіледі, бұл өз кезегінде оған қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жауапкершілігін жүктейді.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа деңгейі: прогрессивті агроэкономикаға көшу басталды