Нашар еститін балаларға арналған есту аппараттары енді елде шығарылады
Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету жүйесі қайта қаралады. Бұл туралы Үкіметте өткен Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбек министрінің мәліметінше, ең алдымен мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға беру үшін 36 төлемнің 14 түрін қамтитын атаулы модельге көшу үшін қажетті ережелер әзірленеді. Одан кейін, жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік жәрдемнің 13 түрін мұқтаждық деңгейіне қарай төрт бағытқа біріктіреді. Төлемдерді тағайындауға қатысты өзгерістер туралы халыққа 1 қазаннан бастап SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабарланады.
"Шын мәнінде мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған заң қабылданды. Еңбек министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, мұқтаждық қағидаты негізінде әлеуметтік көмекті атаулы түрде көрсету жұмыстарын үйлестіруі қажет. Денсаулық сақтау, еңбек, мәдениет және ақпарат министрліктері өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекет кепілдік берген ақысыз медициналық көмектің көлемі бойынша ауқымды ақпараттық жұмысты ұйымдастырсын", - деді ҚР Премьер министр Олжас Бектенов.
Нашар еститін балаларға арналған есту аппараттары енді елде шығарылатын болады. Үкіметтің дерегінше, қазір диспансерлік есепте есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты Денсаулық сақтау және Өнеркәсіп министрліктері отандық өндірісті іске қосу бойынша Жол картасын әзірлеуі тиіс. Құжатта отандық өндірушілерді тарту, қажетті технологияларды әкелуді жолға қою туралы жазылады. Ал өз өндірісіміз іске қосылғанша, балаларға қажет аппараттарды әкімдіктер сатып алып береді.
"Өңір әкімдері отандық өндіріс іске қосылғанға дейін жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен балаларға арналған есту аппараттарын қаржыландыруды өз бақылауына алсын. Президент атап өткендей мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілетініне назар аудару керек", - деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Елімізде декреттік демалыс тәртібін өзгерту ұсынылды